Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіповтің қатысуымен өткен брифингте айтылды.
«Ақмола облысында бірінші тоқсанда 387 мектеп дәстүрлі режимде, 168 мектеп қашықтықтан жұмыс істеді. Сол 168 мектептің ішінде оқушылардың саны 300 дейінгі 53 мектеп бар. Аталған мектептер жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің тексерісінен өтсе, келесі тоқсаннан бастап жұмыстарын дәстүрлі форматта жалғастырады», - дейді спикер.
Жалпы, қашықтықтан оқыту кезінде жиынтық бағалауға тоқталсақ, 1-сыныпта тоқсандық және жылдық бағалар қойылмайды. Бірақ педагогтар білім алушының жетістіктері бойынша ата-аналармен кері байланыс жүргізуге міндетті. Ал 2-11 (12) сынып оқушыларының оқу жетістіктері 1-ден 10 баллға дейін қою арқылы формативті бағаланады.
Оған қоса ата-аналардың өтініші бойынша 1 сыныптан 5 сыныпқа дейін кезекші сыныптарда оқуға рұқсат етіледі.
Әрине, бұл жағдайда оқушылар санитарлық-дезинфекциялық режимді, маска режимін, шахмат ретімен отырғызу және әлеуметтік ара қашықтықты сақтауға міндетті.
Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 09 ақпандағы № 47 бұйрығының 15 тармағына сәйкес «Өзін-өзі тану», «Көркем еңбек», «Музыка», «Дене шынықтыру», «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері», «Графика және жобалау» пәндері бойынша жиынтық бағалау жүргізілмейді.
Өткен аптада ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысы өткен болатын.
Комиссияның шешіміне сәйкес, ІІ тоқсаннан бастап оқушылар саны 300 балаға дейін болатын қала және ауыл мектептерінің жұмысы дәстүрлі форматқа көшірілмек.